Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Ақтөбе — ел дамуына айрықша үлес қосып отырған аймақ

Ақтөбеге жұмыс сапары барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мүшелерімен кездесті. А.Досжанова атындағы конференс-холда өткен кездесуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстың құрметті азаматтары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен саяси партия филиалдарының жетекшілері, кәсіподақ, Ассамблея, жастар ұйымдары өкілдері қатысты.  

Ел Президенті Ақтөбе облысында атқарылып жатқан істер мен шешілмеген бірқатар мәселелер төңірегінде сөз қозғап, Үкіметке, облыс әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.

—  Елдіктің туын әрқашан биік ұстаған құтты мекеннің тарихы терең. Мұғалжар тауының бөктері — Әбілқайыр ханның, Қобыланды мен Есет батырдың, Әйтеке мен Мөңке бидің елі, мекені. Қазақтың мерген, батыр қызы Әлияның кіндік қаны тамған жері.  Тарихын білмегеннің болашағы бұлыңғыр, сондықтан ұлт руханиятына ерен еңбегі сіңген тұлғалардың есімін ұлықтау — бізге міндет. Биыл Ақтөбе қаласының іргесінің қаланғанына 150 жыл толып отыр. Бұл — маңызды тарихи оқиға. Ғасырдан астам ғұмыры бар қаланың қазіргі бет-бейнесі айрықша, даму қарқыны жоғары. Бүгінде Ақтөбе облысы — еліміздегі маңызды индустриалды аймақ. Тоғыз жолдың торабында тұрған өлкенің өндірістік-логистикалық және транзиттік әлеуеті зор, — деді Президент сөз басында.

Мемлекет басшысы жүзден астам мемлекетпен тұрақты сауда-саттық орнатқан өңірде жүзге жуық кәсіпорын іске қосылып, сегіз мыңнан астам  жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Халықтың әл-ауқатын арттыруда жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігіне жоғары баға берді. Аймақта «Туған жер» жобасы аясында 1400-ден астам жоба іске асырылды. Шетелдік инвесторлар өңірдегі әлеуметтік нысандардың бой көтерілуіне атсалысып отыр.

— Мысалы, Мұз сарайы, өнер орталықтары, офтальмологиялық клиника, Жекпе-жек сарайы сынды ғимараттар — облыс тұрғындарының өмір сапасына оң ықпал еткен жобалар. Ақтөбе — ел дамуына айрықша үлес қосып отырған аймақ. Қарқынды дамуға өңірде барлық мүмкіндіктер бар. Басты мақсат — осы қарқынды жоғалтпай, өңірдің әлеуеттік-экономикалық өсімін арттыру. Жақында мен өз саяси платформамды жарияладым. Онда негізгі үш қағиданы басшылыққа алдым.  Бұл — Сабақтастық, Әділеттілік, Өрлеу.  Басты міндетіміз — халықтың өмір сапасын жақсарту, сондықтан азаматтарға қажетті жағдай жасау барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың міндетіне айналуы тиіс. Мемлекеттің басты байлығы — азаматтары. Олардың ниет-тілектерін тыңдап, толғандырған түйткілдерін шешу — Үкіметтің негізгі қағидасы болуы тиіс, — деді Қ.Тоқаев.

 

Қолжетімді тұрғын үй және жалақы

Жиында Ақтөбедегі түйіні шешілмеген күрделі проблемалар туралы да айтылды. Бірінші мәселе —  табысы әртүрлі, түрлі санаттағы тұрғындарға қолжетімді және сапалы тұрғын үйдің жетіспейтіндігі.

— Бұл — өте маңызды мәселе, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Биыл облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдаланылуға берілетіні өте жақсы көрсеткіш. 1288 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Дегенмен, бұл салада проблемалар да баршылық. Тұрғын үй мәселесі тұтас республикалық деңгейде түбегейлі шешілуі тиіс. Сондықтан барлық тұрғын үй бағдарламалары тұрғын үй құрылысы жөніндегі бірыңғай саясатқа шоғырландырылады. Бұл жерде облыстар бастама көтеруі тиіс. Ақтөбеде жеке тұрғын үй құрылысы жақсы дамып отырғаны белгілі. Мұны жалғастыра отырып, осы саладағы басқа да мәселелерді шешуге көңіл бөлу қажет, — деді Президент.

Қ.Тоқаев облыста жер кезегінде тұрғандар санының көптігіне назар аударды. Бүгінде облыста 170 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Ақтөбе қаласының өзінде 140 мың адам кезекте.

— 65 мың адам саяжайларда тұрып жатыр, оның айналасында да бірқатар проблема бар. Көп жағдайда тұрғындар Үкіметтің көмегін күтпей, өздері үй салғысы келеді, ал оларға жер керек. Бұл өте күрделі проблема. Сондықтан облыс әкіміне тұрғындарға жер беру және ол жерлерге инфрақұрылым тарту мәселесін кезең-кезеңімен шешуді тапсырамын, — деді Қ.Тоқаев.

Президент қолжетімді тұрғын үйдің құрылысы мен оны беру барысында қатаң бақылау орнату қажеттігін алға тартты. Бұл ретте әкімдіктердің қоғамға сүйене отырып жұмыс істеуі маңызды.

— Екінші мәселе — тұрғындардың жалақысы қажетті мөлшерден төмен. Облыстағы орташа жалақы — 141 мың теңге. Ал республика бойынша — 168 мың теңге. Аудан тұрғындарының табыс көлемінде айтарлықтай айырмашылықтар бар. Облыс басшылығы аталған теңсіздікке жол бермей, қажетті шараларды қабылдауы керек. Бұл, әрине, күрделі мәселе. Оны бір күн, бір апта, бір айда шешу мүмкін емес. Бірақ бұл мәселе бәрібір шешімін табуы керек, — деді Президент.

Биыл 1 маусымнан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы өседі. Президент жеке кәсіпорындардың да осы үрдістен тыс қалмауы қажеттігін айтты. Яғни олар да қызметкерлерінің жалақысын арттырып, жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуі тиіс.

— Лайықты жалақы — халықтың әл-ауқатына ықпал ететін фактор. Сондықтан азаматтарымыздың табысын арттыру әрқашан менің басты назарымда болады. Тұрғындардың табыс көлемі облыс әкімдіктерінің жұмыс көрсеткішіне айналады.

 

Болашағы бар әр жобаға қолдау көрсету керек

Тұрғындардың іскерлік белсенділігін қалыптастыруды қолдау — мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Президенттің айтуынша, мемлекет еліміздегі бизнес-ахуалды одан әрі жақсартуды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді одан әрі жалғастыра береді.

— Бүгінгі күні мемлекет ең ірі тапсырыс беруші болып отыр. Біз отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті болуына, олардың мемлекеттік тапсырысқа қатысуына қолдау көрсетеміз. Елбасы 2050 жылы ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Менің платформамда алдағы бес жылда ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Өте қиын міндет, бірақ ол орындалуы тиіс. Өңірде шағын және орта бизнес облыста жақсы дамып келеді, дегенмен  оның өңір экономикасындағы үлесі әзірге 20 пайыздан аспай отыр. Осы бағытта одан әрі жұмыс істеу қажет. Сондықтан облыс әкіміне жаңа республикалық «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында жүйелі шаралар қабылдауға тапсырамын, — деді Президент.

Биылдан бастап елімізде аталған бағдарлама аясында қаржыландыру 30 млрд теңгеге артты. Қ.Тоқаев кәсіпкерлердің өз ісін дамытуы үшін еш кедергісіз микронесиелер алуы керектігін айрықша айтты:

— Біз оларға жан-жақты қолдау көрсете отырып, болашағы бар әрбір жобаға маңыз беруіміз керек. Кәсіпкерлікті қолдау шараларын қабылдауда әкімдік бизнес-қауымдастықпен бірлесе жұмыс істеуі қажет, — деді Президент.

 

Ақтөбенің транзиттік әлеуеті һәм экологиясы

Ақтөбе — тоғыз жолдың торабында тұрған өңір. Сондықтан өңірді көліктің барлық түрі бойынша транзиттік хаб ретінде дамыту қажет. Бұл облыс экономикасының дамуына тың серпін береді.

— Ақтөбе облысы —  бүгінде өңірлік хаб және агломерациялық орталық. Оған қоса шешілмеген проблемалар да баршылық. Облыстағы жолдардың 50 пайызы  сын көтермейтін жағдайда. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Биыл Елбасының бастамасымен «Құтты мекен» жобасын бастадық. Мемлекет жергілікті жолдарды жаңарту үшін қомақты қаржы бөліп отыр. Осы бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау керек. Бұл — халықтың ақшасы, халықтық ақшасын жымқыруға жол берілмейді. Әкімдікке Үкіметтің қолдауымен 2025 жылға дейін барлық жергілікті жолдарды — облыстық аудандық деңгейдегі жолдарды ретке келтіруді тапсырамын. Яғни 2025 жылға дейін облыс аумағындағы барлық республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды қалпына келтіру қажет. Бұл — үлкен стратегиялық мақсаттағы міндет, — деді Президент. Бүгінде Ақтөбе-Атырау жолы жөнделе бастады. Бұған қоса Президент көлік ағынының артуына байланысты «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін Ақтөбе-Қандыағаш, Ақтөбе-Хромтау, Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз жолдарын ретке келтіру керектігін айтып, Үкіметке осы жобаларды тезірек қаржыландыруды тапсырды.

Ақтөбедегі экологиялық жағдайдың нашарлығын Президент маңызды мәселелер қатарына қоса сөйледі. Қалада жағымсыз иістің шығуы, өзен-көлдердің ластануы туралы да айтылды. Оған қоса кәріз тазарту құрылғыларын жаңарту мәселелері де көтерілді.

—  Бұл шаруаны Үкімет мен облыс әкімдігі қолға алуы тиіс. Алға ауданындағы қауіпті  қалдықтарды тазартуға кірісу керек. Мұндай жұмыстарды қолға алмай,  облыс экологиясы туралы сөз айту қиын. Әкімдік Үкіметпен қаржыландыру механизмін жасап, осы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруы керек, — деді Президент.

Облыс аудандарындағы цифрландыру деңгейінің төмендігі де Президент сынына ілікті. Президенттің айтуынша, облыстағы ауылдық елді мекендердің 1,5 пайызы ғана оптико-талшықты байланыспен қамтылған.

— Ауылдарда интернет мүлде жоқ деуге болады. Мен Үкіметке осы мәселені шешуді тапсырамын. Тек Ақтөбе облысында ғана емес, тұтас республика бойынша цифрландыру деңгейі төмен. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салада өз қиындығын туғызып отыр. Мәселен, атаулы әлеуметтік жәрдемақы рәсімдеу кезінде қиындықтар кездесіп жатыр. Осы саладағы цифрландыру деңгейінің төмендігі салдарынан тіпті кейде атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу кезінде алаяқтыққа да жол беріліп жатыр. Үкімет сонымен бірге медицина, білім саласындағы цифрландыру мәселесіне көңіл бөлуі тиіс, — деді Президент.

 

Білім және ғылым саласына жұмсалатын қаражат ІЖӨ 5 пайызына дейін өседі

Тағы бір маңызды мәселе — жастардың сапалы білім қолжетімділігі.  Президент Үкіметтің  ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын жою үшін қажетті шаралар қабылдайтынын алға тартты. 2022 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілмек. Ақтөбе облысында 13 үш ауысымды және 3 апатты жағдайдағы мектеп бар. Балабақшалар да жеткіліксіз: Ақтөбе қаласының өзінде 26 мың бала кезекте тұр. Президент облыс әкіміне осы мәселелер бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Жастардың кәсіптік техникалық және жоғары білім алуына да жағдай жасау қажеттігі айтылды. Адам капиталы сапасын арттыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екені белгілі.

— Алдағы бес жылда білім және ғылым саласына жұмсалатын қаражат ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін өседі. Еліміздегі 180 колледж қайта жаңарады. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары білім берудің жаңа әдістеріне көшті, сондықтан қашықтан оқыту, қос дипломды бағдарламалар, академиялық икемділік бағдарламаларына айрықша мән беру керек, — деді Президент.

Сонымен бірге жастардың қоғамдық өмірге, мемлекеттік басқаруға да ертерек араласуы қажеттігі айтылды. Осы мақсатта елімізде ең үздік 300 жас маманды іріктейтін президенттік кадрлық резерв жасақталмақ.

— Ал «Жас кәсіпкер», «Дипломмен ауылға», «Серпін» бағдарламалары аясында білікті жас мамандарды қолдау шаралары жалғасады. Білім аламын, өсемін деген жастарға бар жағдай жасалады. Жастар әлемдік жаңалықтардан сырт қалмауы тиіс. Облыс әкіміне жастарды жан-жақты кешенді қолдау шараларын жалғастыруды тапсырамын, — деді Қ.Тоқаев.

 

Мықты Қазақстан мықты аймақтардан тұруы керек

Аймақта агросектор әлеуеті толығымен игерілмей жатыр. Президент осылай деді.   Қ.Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе — еліміздегі жер көлемі жағынан ірі өңірлердің бірі, яғни облыста аталған саланы дамыту үшін қажетті ресурс жеткілікті, осыны тиімді пайдалану керек. Президент облыс әкімдігіне ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша нақты жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды.

— Ақтөбе облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне зор үлес қосатын орталыққа айналуы керек. Үздік басқару тәжірибесін, озық технологияны қолдану қажет. Агросекторды дамытсақ, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары ашылады, экономика қарқыны артады. Сондықтан мен өзімнің саяси платформамда ауыл инфрақұрылымын жаңартуға айрықша назар аудардым. Сапалы ауызсу, жол, жарық болмай, ауылдың дамуы жайлы сөз қозғау мүмкін емес, — деді Президент.

Одан әрі Президент аймақтар арасындағы теңсіздіктерді жою, облыс орталықтарында урбанизацияны дәйекті түрде жүргізу, моно және шағын қалаларда көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігі туралы сөз қозғады.

—  Менің Президент ретіндегі ұстанымым — мықты Қазақстан мықты аймақтардан тұруы керек. Әрбір қалада, аудандарда, ірі ауылдарда қоғамдық қызмет көрсету қолжетімді болуы керек. Әкімдік жергілікті өзін-өзі басқаруды қолдауы тиіс. Осы мақсатта жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігі мен жергілікті жерде қаржыландыру артатын болады. 2020 жылы төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру аяқталады, соның нәтижесінде еліміздегі әрбір елді мекеннің өзінің дербес бюджеті болады. Жергілікті деңгейде тұрғындар осы қаражатты жұмсауға, оны жоспарлауға қатысатын болады. 2020 жылдан бастап біз шағын және орта бизнс субъектілерінен жиналатын корпоративтік табыс салығын орталықтан жергілікті жерлерге беретін боламыз. Бұл аймақтың бюджеттік базасын арттырады.

Менің басты міндетім — биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру. Біз Елбасының саясатын одан әрі жалғастырамыз. Сабақтастық рухын сақтап, демократия қағидаларымен ел дамуының жаңа кезеңіне көшеміз. Мен мемлекеттік биліктің келесі қағидасын ұсынамын —  күшті және құзыретті Президент, ықпалды және қабілетті Парламент, есеп беретін және кәсіби Үкімет. Міне, біздің мемлекеттің саяси жүйесінің квинтэссенциясы. Мемлекет өз құрылымы бойынша президенттік болуы керек, бірақ Парламенттің ролі артуы керек. Үкімет қоғамға есеп беруі тиіс, — деді ел Президенті.

Кездесу барысында өңірдегі проблемалар төңірегінде қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген азаматтар да өз пікірлерін білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов газ, ауызсу, жол мәселелері төңірегінде өз ойын білдірді.

— Кеңес Баймұханұлы, сіз жол мәселесіне қатысты өте мазмұнды пікір білдірдіңіз. Аталған мәселелерге қатысты жоғарыда айттым, Үкіметке нақты тапсырмалар беріледі, — деді Президент.

Ақтөбе қаласындағы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрайымы Құралай Байменова жастар тәрбиесіне қатысты пікірін айтты.

— Сізді Елбасы еліміздегі ең жоғарғы орденмен марапаттағанда мен залда отырдым. Сіздің жасап жүрген еңбегіңізге өте үлкен баға беремін. Мен сізбен замандас болғанымды мақтан тұтамын. Өз сөзіңізде білім беру, жастарға тәрбие беру туралы мәселелерді көтердіңіз. Бұл мәселелердің барлығы Үкіметтің назарында болады, — деді ол.

Жас кәсіпкер, көпбалалы ана, «Азайа» ЖШС директоры Айнұр Бақтығалиева өңірде кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан қолдауға қатысты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк өңір экологиясына қатысты маңызды мәселелерді алға тартты.

— Көпбалалы аналар Айнұр Қайсарқызынан үлгі алуы тиіс. Қазір біз көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беруді қолға алдық. Алайда бұл көмек шын мәнінде мұқтаж аналарға берілуі тиіс.  Сергей Викторовичтің көтерген мәселесі де өте маңызды. Ақтөбе облысында болсын, басқа облыстарда болсын, экология мәселесі үнемі Президенттің бақылауында болады. Біз жастарды қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеуіміз керек, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев маңыздылығына тоқталып, кең ауқымды пікір алмасуға келген ақтөбеліктерге ризашылығын білдірді. Жиын соңында әр салада еңбек етіп жүрген белсенді азаматтарды марапаттады. Президенттің  Алғыс хатымен  Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың директоры, «ЗапКазстройИнвест» ЖШС құрылтайшысы Бижан Қалмағанбетов,  еңбек ардагері, «Алтай» ЖШС директорының орынбасары Сағынай Құсайынов, Қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспанов, «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты автокөлік цехының автокөлікті пайдалану бойынша шебері Вадим Плугин, «№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің медбикесі Людмила Маршениналар марапатталды.

Кездесу барысында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президентке алғысын білдіріп, өңірде берілген мақсат-міндеттердің жүзеге асырылатындығын айтты:

— Сізге ақтөбеліктер уақыт тауып, кездесуге келгеніңізге ризашылығын білдіреді. Ақтөбеліктер Елбасы белгілеген міндет-мақсаттарды, сіздің жаңа берген тапсырмаларыңызды жүзеге асыруға ерекше ниетті екендігін жеткізгім келеді, — деді облыс әкімі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button